“KEGOC” тартуы: дивидент һәм жаңа жоба

«KEGOC» АҚ акционерлерінің алақаны қышуы тегін емес екен. Бұйырса, қарашаның 14-нен бастап, Қазақстанның электр желілерін басқарушы компания «KEGOC» АҚ жай акцияларына кезекті дивиденттерін төлеуді бастайды. Сөйтіп, Халықтық IPO арқылы KEGOC-тың жай акция­сын алғандардың әмиянына әр акция үшін 24,93 теңгеден түспек.

 

Деректерге сүйенсек, «KEGOC» АҚ-ның 2016 жылдың бірінші жарты жылдығына арналған аралық қаржылық есептемесіне сәйкес компанияның таза табысы 16,2 млрд. теңгені құрады. Акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен 2016 жылдың бірінші жарты жылдығындағы таза кірістің 6,48 млрд. теңге мөлшеріндегі 40% «KEGOC» АҚ-ның жай акцияларын ұстаушыларының барлығына үлестіруді көздеп отыр. Ол болса, «KEGOC» АҚ-ның бір жай акциясына шаққанда – 24, 93 теңге.

2016 жылдың бірінші жарты жылдығының нәтижелері бойынша «KEGOC» АҚ-ның жай акциялары бойынша дивидендтер алуға құқығы бар «KEGOC» АҚ акционерлерінің тізімі 2016 жылғы 13 қарашадағы жағдай бойынша тіркеледі. Дивидендтер тө­леу – 2016 жылдың 14-ші қарашасынан басталады.

Тәуелсіздік тойы қарсаңында акционерлеріне осындай жағымды жаңалық таратқан компанияның тойға тартуы мұнымен шектелмек емес екен. Бұған дейін компания басшылығы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тікелей тапсыр­масымен компания жүзеге асырып жатқан ауқымды жобасын мерзімінен бұрын аяқтайтынын мәлімдеген болатын. Дәлірек айтқанда, еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын ауқымды жоба «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің бірінші кезеңі, яғни 500 кВ «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» жоғары вольттық желілерін салу» жобасы.

«KEGOC» АҚ «500 кВ «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитін салу» жо­басын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. Бұл жоба – екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең – 500 кВ Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен. Іске асыру мерзімі 2017 жылға межеленген еді. Ал, екінші кезеңі – 500 кВ Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма. Бұл кезең – 2018 жылдың еншісінде.

– Бұл қазақстандық энергетиктердің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына деген қомақты сыйлығы болмақ, – деп мәлімдеген болатын «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақыт Қажиев шығыс өңірге жасаған іс-сапарларының бірінде. Компания өкілдері берген мәліметіне жүгінсек, жобаның бірінші кезеңі мерзімінен бұрын іске асуда. Жоспарланған 500 кВ және 220 кВ 700 км электр жеткізу желілерінің қазіргі кезде 673 км астамы салынған, оның ішінде 500 кВ желісі бойынша – 573 км және 200 кВ желісі негізінде – 100 км. 500 кВ «Семей» қосалқы станциясында (ҚС), 500 кВ «Өскемен» ҚС мен 1150 кВ «Екібастұз» ҚС-да құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, қолданыстағы 1150 кВ «Екібастұз», 500 кВ «Алма», 500 кВ «Өскемен» қосалқы санциялары мен 220 кВ «Шүлбі ГЭС-нің» АТҚ-сы кеңейтілуде. Қосалқы станцияларына темірбетон бұйымдары, металл тіректер, сым, байланыс конденсаторлары, трансформаторлар секілді отандық өнімдер қолданылуда.

Компания 500 кВ Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен ӘЖ-ні пайдалануға беру арқылы «Солтүстік-Шығыс» бағытындағы электр желілерінің өткізу қабілетін арттыратынын атап айтады. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы электр энергиясының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Ал, мұның еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор.

«KEGOC» АҚ-ның жоғары вольттық желі құрылысын биыл аяқтау жоспары – нақты. Компанияның электр энергетикасы саласында ауқымды жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибеден де кенде емес. Елдегі энергетиканың бас егесі сондай-ақ, ұлттық электр торабының жабдықтарын жаңғырту жұмыстарын үздік жүргізіп келеді. Осы орайдағы міндеттер «ҰЭТ-ты жаңғырту» және «ҰЭТ-ты жаңғырту, II-кезең» ауқымды жобаларын іске асыру арқылы шешімін тапқан. Бұл – сапалы, үздіксіз энергияға кепіл.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Дерек пен дәйек

«KEGOC» АҚ командасы биыл Қазақстанда өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы персоналдың кәсіби шеберлігі ХІІІ халықаралық жарысы-110 кВ және одан жоғары қосалқы станциялардың жабдықтарын жөндеу және оларға қызмет көрсету бойынша халықаралық жарысында бірінші орынға ие болды.

Биыл жарысқа Беларусия, Грузия, Қазақстан, Ресей мен Өзбекстан елдерінің бригадалары қатысты. «KEGOC» АҚ «Ақмола ЖЭТ» филиалының энергетиктер бригадасы Қазақстанның намысын қорғады. Сонымен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина мемлекеттерінің өкілдері жарысқа бақылаушылар ретінде қатысты.

 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз